Мемлекет басшысы Нұрлан Байбазаровты қабылдады

30.10.2023
Қасым-Жомарт Тоқаевқа холдингтің биылғы 9 айдағы қызметінің нәтижелері, соның ішінде кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіп кешенін қолдау, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. Президентке ұсынылған деректерге сәйкес, инвестициялық жобаларды қаржыландыру көлемі 511 миллиард теңгені құраған. Сонымен қатар шағын және орта бизнестің 18,1 мың жобасына қолдау көрсетіліп, шамамен 1 триллион теңге көлемінде кредит берілген. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 447 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жыл басынан бері 811,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 47 мыңға жуық отбасы баспаналы болған. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына холдингті трансформациялау және цифрландыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді. «Бәйтерек» алдағы екі жылда экономиканың шикізаттық емес секторын қолдау ауқымын екі есе арттырмақ. Инвестиция тарту және коммерциялық банктерді өңдеу өнеркәсібі жобаларын кредиттеуге жұмылдыру жұмыстары жандана түседі. Ішкі нарықты қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында тамақ өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру бағдарламалары іске қосылады, сондай-ақ толыққанды экспорт-кредит агенттігі құрылады. Мемлекет басшысының моноқалалар, аудан орталықтары мен ауыл тұрғындарын баспанамен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында холдингтің тұрғын үй бағытындағы қызметі транформацияланады. Нұрлан Байбазаров холдингке еншілес ұйымдардың барлық қызметін цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отырғанын жеткізді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы экономикалық өсімді қолдау және азаматтардың тұрмыс деңгейін жақсарту үшін жаңа тәсілдер енгізу маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингінің жұмысын жетілдіруге қатысты бірқатар міндет жүктеді.

Присоединяйтесь к нашей команде